Мектеп тарихы

№77 орта мектебінің тарихы туралы мәлімет

Ел ертеңі жас ұрпақты салауатты етіп тәрбиелеу қай елдің болса да абыройлы міндеті, баға жетпес байлығы. Жас ұрпақты тәрбиелеуде мектептің алатын орны ерекше. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін- білім» деп атап көрсеткендей, рухани ұлттық байлығымызды кемелдендіретін- мектеп.
Мектеп-халықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттерін жас жеткіншек бойына сіңіретін орта. Ондаған жылдар бойына еңбек етіп келе жатқан білім ошағының бірі- Құланды елді мекенінде орналасқан №77 орта мектеп.
Өз тарихы өзіне жетерлік бұл мектептің негізі- жергілікті жерлерді сауаттандыру, мектеп ашу жұмыстары жүре бастаған 1930 жылдары қаланған. Бастауыш мектеп болып 1935 жылы құрылды. Сол уақытта басшылық жасап, оқушыларға дәріс бергендер- Алдабергенов Арыстанғали мен Дауленбаев Ыбырайым.
1938 жыл бастауыш мектебіміз 7 жылдық мектеп болып қайта толықтырылды. Бұл кезде «Шығанақ» «Қазалы» секілді қыстақтарда бастауыш мектеп жұмыс жасады. 7 жылдық мектебіміздің директоры Құдайқұлов Әжібек болса, оқу ісінің меңгерушісі Серікқали Өміралиев деген кісі жұмыс істеді.
Соғыс жылдарында мектеп директорлары мен мұғалімдерінің құрамында көп өзгерістер болды. Әр кезеңнің мектеп директорлары өздерінің өнегелі ісімен, білімпаздығымен кейінгілер есінде мәңгі қалды. Олар:
1.Алдабергенов Арыстанғали 1935-1938
2.Құдайқұлов Әжібек 1938-1945
3Даулетов Өкімаш 1945-1949
4.Халлаев Ш 1949-1951
5.Нұрманов Жалғас 1951-1952
6. Жолаев Есенғали 1952-1963
7. Мамабетов Қали 1963-1968
8.Медеталиев Табынбай 1968-2003
9. Сауяев Айтуған 2003-2005
10. Медеталиев Патуали 2005-2008
11.Бурибаев Бертілеу 2008-2013
12.Медеталиев Патуали 2013-2023

13.Казтоганова Жанат 2023 жылдың наурыз айынан бастап басқаруда.
1965 жылдың мамыр айынан бастап, оқытушылар біріге отырып жаңадан мектеп үйін салып алды. Сынып бөлмесі төртеу болатын. Ол кезеңнен бастап оқу екі мезгілге көшірілді. Ал, 1966-1967 жылдары мектеп жанынан малшы балалары жататын интернат үйі ашылып, бала саны 160-қа жетті.
Соғыстың ауыр кезеңінде осы мектептен дәріс алған, кейін оқыған мектебінде ұзақ жылдар қызмет атқарған ұстаздарымыз Медеталиев Табынбай, Сахиев Жаңаберген: «Бізге ол кезде қағаз, қалам, оқулық жетіспейді.Сияны қара күйеден істеп жаздық. Біздің дәптеріміз кітаптың, газеттің ашық жері болатын.»
Құланды 8 жылдық мектебі 1990-1991 оқу жылында орта мектеп болып қайта құрылды. Орта мектептің диреторы 1968 жылдан осы мектепке еңбегі сіңген Медеталиев Табынбай, оқу ісінің меңгерушісі- Сахиев Жаңаберген, тәрбие жөніндегі орынбасары- Әуезов Сражадин болды.
«Тәуелсіздіктің туын тіккен» жылмен тұспа-тұс келген мереке, бұл-мектептің орта мектеп болғаны еді.
1995 жылы ұстаздарды ұлықтау ниетімен өмірден өткен алты арыс ұстаздарға
1. Жолаев Есенғали
2. Мамбетов Қали
3. Әуезов Жұмахмет
4. Ерекешов Ұбайдулла
5. Ермаханов Бақытжан
6. Даулетов Өкімадулла
ағайларға мектеп алдына ескерткіш қойып, ас беріліп, құран оқытылды.
Адамзат қоғамының тарихы үшін бұл жылдар аз мерзім емес. Бастауыш мектеп болып құрылғаннан бастап Құландыда іргетасы қалағанына 90 жылға таяп қалды. Әр жылдарда яғни жеті жылдық, сегіз жылдық, орта мектебімізді бітірген өрелі жастар еліне елеулі бола білді. Әрине «қыран тілегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші талапты ұрпақ талай жерден орын тепті.
2017 жылдың желтоқсан айында ауылымызда жаңа мектеп пайдаланылуға берілді. Қазіргі заман талабына сай салынған мектепте барлық жағдай жасалынған. Мектеп жанынан құрылған 20 орындық «Құлыншақ» шағын орталығы да да халық игілігі үшін жақсы жұмыс жасауда.
2023 жылдың 5 қазан күні ұстаздар мерекесіне орай мектебімізде талай жылдар бойы қызмет жасап, өмірден өткен ұстаздарымыздың құрметіне өз ұпақтарының демеушілігімен «Ұстаздар аллеясы» ашылды.